Урология және оперативтік нефрология кафедрасы

Урология және оперативтік нефрология кафедрасының даму тарихы

Урология, медицина саласынан жеке 1940 жылы бөлініп, Алматы Мемлекеттік медицина институтының госпиталды хирургия кафедрасында (кафедра меңгерушісі – В.В. Зикеев) 6 урологиялық төсек ашылды. 1952 жылы төсек саны 12 артты. 1955 жылы Алматы қаласының №1 қалалық клиникалық ауруханасында жеке өз алдына урологиялық бөлімше ашылып, доценттік курс (курс меңгерушісі – Л.М. Берман) базасына айналды.

Ал 1956 жылы доценттік курсынан урология кафедрасы (кафедра меңгерушісі – проф. З.В. Файнштейн) құрылды. Қазақстандағы урологиялық қызметтің айтарлықтай жетістіктері сол жылы урологтардың мамандандырылған ғылыми қоғамын ашуға септігін тигізді. Ұлы Отан соғысында атқарған еңбегі үшін «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Осы қоғамның ашылуына ат салысқан топ құрамында проф. З.В.Файнштейн, доц. Л.М.Берман, доц. Р.А.Сатпаева, доц. В.Д.Грунд, м.ғ.к. Г.И.Раушенбах және Н.В.Рощектаев, дәрігерлер И.И.Ахундов, А.А.Поливановская, В.А.Яковлева, И.И.Ибраев, Г.А.Нигай болды. Урологиялық қоғамның бірінші төрағасы болып проф. З.В.Файнштейн сайланды, оның жетекшілігімен медицина ғылымдарының 5 кандидаты және 1 докторы дайындалды және қарамағында ассистенттер И.И. Ахундов және Н.А. Просекова қызмет атқарды. Сонымен бірге, проф. З.В.Файнштейн 1969 жылы Орта Азия және Қазақстанда урологтардың бірінші конференциясын ұйымдастырды. Проф. З.В.Файнштейн несеп жүйесінің жарақаты, туберкулезі және ісігін зерттеуде көп үлес қосты. Көп жылдар бойы проф. З.В.Файнштейн Қазақстанның бас урологы қызметін атқарды және сол кісінің жетекшілігімен республикада алғаш кафедрада урологиядан субординатура ашылды.

1969 – 1970 жылдары кафедраны доц. Б.О. Жарбосынов басқарды.

1971 — 1975 жылдары Алматы Мемлекеттік медицина институтының урология кафедрасының меңгерушісі және урология ғылыми қоғамының төрағалық қызметін проф. Е.П.Еганов атқарды. Проф. Е.П. Егановтың жетекшілігімен 1 медицина ғылымдарының кандидаты дайындалды.

1976 — 1996 жылдары урология кафедрасында проф. Б.У.Джарбосынов басшылық етті. Проф. Б.О. Жарбосынов 1990 жылдан бастап Қазақстан урологтарының ғылыми қоғамының төрағасы болып сайланды. 1985 жылы проф. Б.О.Жарбосыновтың жетекшілігімен урология кафедрасы базасында үлкен әлеуметтік маңызы бар, еркектік бедеулікті зерттейтін андрологиялық лаборатория құрылды. Осы кезеңдерде урология кафедрасында доц. Ә.Т.Тоқсанбаев, доц. И.Г.Фейгин, ассистенттер Е.Р.Акишев, Т.А.Алферов қызмет атқарды.

1990 жылы 14 желтоқсанда проф. Б.О. Жарбосыновтың басшылығымен Қазақстанда тұңғыш, Кеңестер Одағында 4-ші болып урология Ғылыми Зерттеу Институты ашылып, директоры болып өзі сайланды. Ол кісінің жетекшілігімен медицина ғылымдарының 15 кандидаты мен 6 докторы дайындалды.

Ерен еңбегі мен жетістіктері үшін «Парасат» орденімен марапатталып, «Ғылымға еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.

1997 — 2002 жылдары кафедраны проф. М.К. Алшынбаев басқарды.

2003 — 2007 жылдары м.ғ.к. доц. С.Г. Зазулевский кафедра меңгерушісі қызметін атқарды.

Кафедрада әр кезеңдерде қызмет келесі оқытушылар Б.У. Шәлекенов, С.М. Құсымжанов, М.Ә. Әбдіқасов, Д.М. Сағынтаева. Қ.М. Бишманов, В.В. Перепелица, А.М. Байдувалиев, М.Ғ. Жұмабеков, Е.Б. Мұсабек, А.Ж Сұраншиев қызмет атқарды.

2008 жылдан бастап урология және оперативтік нефрология кафедрасын м.ғ.д., проф. Ә.Т.Тоқсанбаев басқарып келеді. Профессор Ә.Т. Тоқсанбаевтың жетекшілігімен алғаш мемлекеттік тілде кандидаттық диссертация дайындалды. Қазіргі таңда кафедрада проф. Б.С.Қожабеков, проф. Е.С.Мамбеталин, м.ғ.к. доц. Д.И.Сеңгірбаев, оқу ісінің меңгерушісі м.ғ.к. ассистент Л.А. Жантелиева, м.ғ.к. ассистенттер Хамзин А.А., Ю.В. Лавров, Абдильманов К.М және ассистенттер А.Д.Нисанбаев, Г.А.Испосунова, К.Д. Нисанбаев, қызмет атқарады.

Профессор Әшімбек Тоқсанбайұлы Тоқсанбаев, 1939 жылы 12 қыркүйекте дүниеге келді, қазақ. Жалпы еңбек стажы – 54 жыл, жалпы медициналық – 52 жыл, ғылыми-педагогикалық стажы – 45 жыл.

1956 жылы Победа атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, 2 жыл бойы Оңтүстік Қазақстан облысы, Киров ауданының, Большевик ауылында жұмысшы болып жұмыс істеді. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне түсіп, оны 1964 жылы бітіріп шықты. 1964 және 1965 жылдар аралығында ОҚО, Шардары аудандық ауруханасында дәрігер хирург болып жұмыс жасады. Ә.Т. Тоқсанбаев 1965 жылы Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-на кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа шақырылды. Ол жерде Қазақстан Республикасының жетекші онкологтары мен радиологтары — ҚР ҰҒА академигі, профессор С.Б. Балмұханов пен профессор С.Н. Нұгмановтың жетекшілігімен ғылыми-тәжірибе жұмысымен айналысты. 1971 жылы профессор М.Т. Тәукенов пен м.ғ.к., А.С. Ермоленконың жетекшілігімен, «Уретероцистнеостомия при раке мочевого пузыря» деген тақырыппен кандидаттық диссертацияны қорғап шықты.

Ә.Т. Тоқсанбаев 1974 жылдан бері урология және оперативтік нефрология кафедрасында жұмыс жасап, ассистенттен кафедра меңгерушісіне дейін жетті. 1999 жылы Урология ҒЗИ-ң негізін қалаушы, талантты ғалым, ғылымға еңбек сіңірген қайраткер, м.ғ.д., профессор Б.О. Жарбосыновтың жетекшілігімен, «Ятрогенные мочеполовые свищи» деген тақырыппен докторлық диссертцияны қорғады.

Профессор Ә.Т. Тоқсанбаевтың негізгі ғылыми жұмысы келесі мәселелерге арналған: онкоурологиялық аурулардың диагностикасы мен емінің қазіргі кездегі мәселелері, сары фосфордың және оның органикалық емес қосындыларының несеп шығару жолдарына әсері, әйелдердегі несеп шығару жүйесінің ятрогендік жарақаттарының диагностикасы мен емдеуі, сонымен қатар жедел урология жағдайында қуық асты безінің гиперплазиясы кезінде тез аденомэктомияны енгізу. Осы зерттеулердің материалдарымен 2 докторлық және 2 кандидаттық диссертациялар қорғалды: «Уретероцистнеостомия при раке мочевого пузыря», «Поражение органов мочеполовой системы под действием вредных факторов фосфорного производства» және «Этапная диагностика, клиника и профилактика заболеваний почек у рабочих фосфоритного производства».

Профессор Ә.Т. Тоқсанбаев Қазақстандағы хирург-урологтардың мектебін қалаушылардың бірі болып саналады, олар тек қана Қазақстанда емес, шет елдерде де танымал. Профессор Ә.Т. Тоқсанбаев Қазақстандағы уронефрологияның негізін қалаушылардың бірі болып саналады және урогинекология облысындағы ірі маманның бірі. Уролог ретінде несеп шығару жүйесінің мүшелеріне арналған кез келген қиын операцияларды, реконструктивтік–пластикалық операцияларды жасайды және Қазақстандағы ятрогендік несеп-жыныс жыланкөздерін емдеудегі алғашқылардың бірі.

Ә.Т. Тоқсанбаев қазақ тіліндегі «Урология» кітабының авторларының бірі, 100-ге шақты ғылыми жұмыстары бар, соның ішінде монографиялар — «Ятрогенные мочеполовые свищи» (Алматы-1998- 130Б.), «Ятрогенные травмы мочевой системы у женщин» (Алматы-2003- 123Б.), сонымен қатар 3 оқу құралы шығарылды: «нефроуролитиаз» (Алматы–1977- 121Б.), «нефрогенная гипертония при урологияеских заболеваниях» (Алматы-2000- 47Б.), «несеп-жыныс ағзаларының скелетотопиясы» (Алматы-2003- 50Б.). Өнер тапқыштыққа 6 алдын-ала патенті бар.

Қазақстанда бірінші рет оның жетекшілігімен урологиядан мемелекеттік тілде кандидаттық диссертация қорғалды.

Қызметтік міндеттерімен қатар профессор Тоқсанбаев Ә.Т. университеттің қоғамдық жұмысына белсенді араласады, емдеу факультетінің Ғылыми кеңесінің, университеттің Дисциплинарлық кеңесінің, «Клиникалық және эксперименталдық хирургия» және морофология НППК, хирургия бойынша орталық әдістемелік комиссиясының, урология бойынша Диссертациялық Кеңестің мүшесі. Ә.Т. Тоқсанбаевтың Қазақстандағы урология ғылымының дамуындағы көп жылдық еңбегі «Серебряная медаль КазНМУ», ҚР ДСМ белгісі «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және ҚР БҒМ Құрмет грамотасымен «Тәуелсіз Қазақстанның рухани және әлеуметтік дамуы жолында қолжеткен табыстары және оның гүлденуіне қосқан үлесі үшін» марапатталды.

Қазақстанның Медицина қоғамы профессор Ә.Т. Тоқсанбаевты медицина ғылымына және урологиялық кадрларды дайындауда еңбегі сіңген, үлкен ғалым, клиницист және талантты педагог ретінде таниды. Профессор Ә.Т. Тоқсанбаевтың еңбекқорлығы, урологиядағы өте үлкен тәжірибесі мен білімі ғылым өмірінде сыйға алып келді.

Профессор Ә.Т. Тоқсанбаевтың бүкіл өмірі урологияға арналған, қазіргі кезде ол өзінің жоғары білікті уролог ретіндегі тәжірибесін, педагогикалық талантын – Қазақстан Республикасының дәрігерлік кадрларды дайындауға арнауда.

Поисковые слова: