ҒАЖАЙЫП ҒАБЕҢ

С. Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешенінде  биылғы жылдың  13 сәуірінде  қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің туғанына 110 жыл толуына орай,  дәстүрлі «Ғабит оқулары» аясында    «Бояулы сөз, әсерлі сөз, үнді сөз» атты дөңгелек үстел және «Ғажайып Ғабең» арнау өлеңдер жинағының тұсаукесері өткізілді. Дөңгелек үстелді Мұражай кешенінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Әділғазы Қайырбеков ашып, жүргізіп отырды.

Қазақ сөз өнерінде өшпес қолтаңбасын қалдырған қаламгердің рухани мұрасын жинау, зерттеу, насихаттау, жас ұрпақ игілігіне жарату мәселелері негізгі әңгімеге арқау болды.  Ғабеңнің көзкөрген замандасы, қызметтес әріптесі, белгілі сатирик ақын Мыңбай Рәш айтқан естелік те әсерлі шықты. Қазақ Энциклопедиясы» Бас редакциясының бас редакторы, ғалым, ақын Бауыржан Жақып, Абай атындағы Алматы Ұлттық университетінің профессоры Темірхан  Тебегенұлы,  М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институының  бөлім меңгерушісі, ғалым Секікқазы Қорабай, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры, медицина ғылымдарының докторы Амангелді Күлімбетов,  «Мұқағали» журналының бас редакторы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, ақын  Батық Мәжитұлы, қалалық Мәдениет басқармасының жетекші маманы Манат Досжанова, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары          мұражайы директорының орынбасары Ерлік Әлімқұлов, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысындағы  меншікті тілшісі, ақын Қорғанбек Аманжолов, жазушының қызы Гүлнәр Мүсірепова, жиені Сәуле,  інісінің қызы Жанат Махмұтова қатысып, өз ойларын ортаға салды. Алдағы уақытта көп кешеуілдетпей  «Ғабит Мүсірепов» энциклопедиясын шығару, жазушының үш томы ғана жарық көрген көптомдық еңбектерін жалғастыру мәселелері де сөз болды. Құрманғазы атындағы Ұлттық Консерваторияның студенті, жас әнші Еркебұлан Қарапов әсерлі кешті әнмен өрнектеді.

«Ғажайып Ғабең» атты арнау өлеңдер жинағына қазақ ақындарының 1950-2011 жылдар  аралығындағы жүзден астам туындылары енген. Сөз зергерінің бейнесі өлеңмен сомдалған. Академик Зәки Ахметовтің «Арнау өлең – белгілі бір адамның бейнесін, мінез-сипатын суреттеу мақсатымен жазылған дербес поэзиялық туынды… бұл үлгідегі өлеңдердің негізгі ерекшелігі – олар жай біреуге құрмет сезімін білдіру үшін арналған өлең емес, сол адамды мінездеуге арналған шығарма» дегенін кітап құрастырушы басты назарда ұстаған. Кітап тұсаукесеріне қатысушы ақындар өздерінің Ғабеңе арнаған өлеңдерін оқып, кеш мазмұнын аша түсті. Дөңгелек үстелге қатысушылардың әңгімесін Қазақ Қыздар педагогикалық университетінің, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің, С.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері қатысты.

Г. Жетпісқызы, мұражай қызметкері

Поисковые слова: